Ресей жалға алған Тайсойған жерінің 624 мың гектары қайтарылады

АTPress.kz. 6 маусым. Ресей Федерациясы жалға алған Қызылқоға ауданына қарасты 749,6 мың гектар «Тайсойған» полигоны жерінің 624,6 мың гектары Қазақстанның жер қорына қайтарылатын болды.

Аталған аймақ мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болғандықтан қайтарылған жердің бір бөлігін ауылшаруашылығы мақсатына пайдалану жоспарда тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженов хабарлады. 

- Сонымен қатар, Тайсойған полигонына берілген жер аумағы мұнай кеніштеріне өте бай. Оны өзіміз пайдалансақ, облыс экономикасының дамуына оң әсерін тигізері анық, - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Бұған дейін де облыста Атырау қаласы, Ақжар ауылындағы әскери бөлімге берілген сынақ полигонының жері де өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбауына байланысты қайтарылып алынған болатын. Бүгінде Атырау облысының жалпы жер қоры 11 млн. 863 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 2 млн.516 мың гектар. Ол жалпы жер қорының 21 пайызы. Биылғы жылдың бес айында кәсіпкерлік мақсатында 18 жер учаскесі яғни, 61,3 гектар жер аукцион арқылы 32,4 млн. теңгеге сатылды.  

 

103 мыңға жуық азамат тұрғын үй салу үшін жер кезегінде

Қазіргі таңда Атырау облысында 102 915 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесінің кезегінде тұр. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша 82590 азамат. Бүгінгі күні 2004 жылғы кезекте тұрған азаматтардың өтініштері қанағаттандырылуда.

 Атырауда жер кезегіне тұрушылардың саны жылдан-жылға он мың адамға артып келетіндігі байқалады. Ал жер учаскесі 2015 жылы 507 адамға берілсе, 2016 жылы 826 азамат, 2017 жылдың бес айында 359 тұрғын өз кезегімен қауышқан. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі