ATPress.kz. 25 қыркүйек. Қазақстанда жазасын өтеп шыққан және пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға электронды білезік тағылады.
Бұл туралы парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пробациялық бақылауда тұрғандарға қатысты электронды мониторингті енгізу мен пайдалану шаралары ескерілген. Бұл тұрғыда «электронды білезіктерді» енгізу қарастырылған. Осы құрылғының көмегімен бақылауда жыл сайын 6 мың адам болады», - деді министр бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру тақырыбындағы Үкімет жиынында.
Айуынша, электронды білезіктің арқасында жазаға тартылған адамдардың бекітілген режімді бұзу тәртібі жедел түрде полицияға тіркеледі. «Министрлік даярлаған жоба қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Алдағы жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жобаны жүзеге асыруға кіріспекпіз», - дейді салалық ведомства басшысы.
Айқара Ғұмар
Фото alashainasy.kz сайтынан алынған