ATPress.kz. 6 мамыр. Отан қорғаушылар күніне орай, Атырау облыстық ІІД-де еңбегі еселі азаматтар марапатқа ұсынылып, қатарға жаңадан қосылған жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі болды.
Оқу орнын енді аяқтап, құқық қорғау саласының қызметкері болуға ант қабылдаған азаматтардың ең жасы 23 жаста.
Ол Малика Елтаева. Ақтөбе қаласындағы заң университетін тамамдаған.
- Отбасымда құқық қорғау қызметінде еңбек еткен адам болғанымен, бұл сала менің бала кезгі арманым. Бүгінгі әріптестерімнің алдында берген Отан алдындағы антыма адал болып, ел үшін қызмет атқаруға дайынмын, - дейді жас қызметкер.
Мерекелік шарада үздік қызметкерлерге ҚР ІІМ-нің құрмет грамотасы, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі, ҚР ІІМ-нің ІІ-дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеуде ерлік танытып, қоғамның қауіпсіздігі үшін өз басын өлімге тіккен азаматтардың есімі жазылған ескерткіш тақта алдына гүлдесте қойылды. Шарада құттықтау сөз алған департамент бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев әріптестерін жедел әрекеті мен қызметтегі жоғары нәтижелерімен құттықтап, алғысын жеткізді.
Нұрбейбіт Нұғыманов