Мешітте бас имаммен жанжалдасқан

ATPress.kz. 25 мамыр. Құлсары қаласында бас имаммен жанжалдасқан азаматтар жауапқа тартылды. Олар діни қызметкердің жұмысына әдейі кедергі келтірген.

Тәртіпсіздік әрекет Құлсарыдағы Жылыой мешітінде Құтпан намазы кезінде болған. 1990 жылы туған С.Т. есімді азамат намаз алдында оқылатын «Фатиха» сүресінен кейін айтылатын «Әмин» сөзін қасақана дауыстап айтқан. Бас имам А. Исаевтың ескертуіне қарамастан, мұндай әрекетті 1987 жылы туған Н.А. есімді азамат та қайталаған. Құлшылық етушілердің назарын аударып, ғибадатын бұзуға болмайтынын айтқан діни қызметкерді олар құлағына да ілмеген. Амалсыздан бас имам намазды тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тәртіпсіздік жасаған тұлғаларға қатысты шара   қолданған. Нәтижесінде, Жылыой аудандық сотында жауап берген екі азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 490 бабы, 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, әрқайсысына 113 450 теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Осы орайда, мұндай жауапкершілікке 1978 жылы туған Н.Д. есімді азаматтың да тартылғанын айта кеткеніміз жөн. Ол Доссор кентіндегі мешіттің бас имамына дәл осындай әрекетпен кедергі жасаған. Сот қаулысы негізінде теріс қылықты азаматқа 113 450 теңге айыппұл бекітіліп, өтеуі тиістігі міндеттелді.

 

Айдос Қарабала

Сурет dumraikk cайтынан алынған