ATPress.kz. 13 қыркүйек. Атырауда нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған 811,4 гектар жер мемлекет қорына қайтарылды. Бұл жер телімдерінің барлығы кезінде ауыл шаруашылық мақсатына берілген.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Гүлзия Құрманова мәлімдеді. Айтуынша, жыл басынан бері 66 телім иесіне жерді уақытылы пайдалану жөнінде жазбаша ескерту жасалыпты.
Жалпы, биыл салалық басқарма 477 жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Қорытындысымен 418 заң бұзушылық анықталып, 296 әкімшілік іс қозғалған. «Оларға 57 миллион 832 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Соның ішінде 43 миллион теңгеден астамы мемлекет пайдасына өтелді», - деп атап өтті Гүлзия Құрманова.
Айдос Қарабала
Фото Рахим Қойлыбаевтікі