Кісі өлтірген әйел 10 жылға сотталды

ATPress.kz. 25 шілде. Атырауда кісі өлтірген әйел 10 жылға сотталды. Енді ол өз жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болады.

Бұл туралы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот талқылауы барысында анықталғандай, сотталушы Х. жәбірленуші О.-мен бірігіп, спирттік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындап, ашуланған О. сотталушының аяғына пышақ салады. Оған ерегескен Х. үстел үстіндегі пышақты алып, жәбірленушінің мойнына сұғып алған. Салдарынан О. оқиға орнында көз жұмады.

Осы орайда сот сотталушы Х.-ның бұрын сотталғанын ескеріп және оның іс-әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануы бар деп танып, Қылмыстық кодекстің 99-інші бабының, 1-інші бөлігімен кінәлі деп таныды. Оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

 

Айдос Қарабала

Фото chaikovskie.ru сайтынан алынған