Өңірде интернет алаяқтығы бойынша қылмыс дерегі күрт өскен. Жыл басталғалы бері қылмыстың осы түріне қатысты 900-ге жуық іс анықталды. Оның 102-і ашылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 213 қылмысқа артық. Бұл туралы Атырау қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі Думан Назарбек баспасөз брифингінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ашылған 102 қылмысқа қатысы бар 49 адам анықталды. Оның ішіндегі 11 адамның облыс аумағында әр түрлі жағдайдағы 74 қылмысты жасағандары дәлелденіп, сотқа жолданды.
- Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды. Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан, облыс көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарының тіркелу фактілері әлі де болсын азаймады. Оған тұрғындардың қаржылай сауаттылығы мен ақпараттық технологиялар саласындағы біліктіліктерінің жеткіліксіздігі және табыс көлемінің басқа облыстарға қарағанда жоғарғы деңгейде болуы әсер етіп отыр, - деді Д.Назарбек.
Сөз соңында Думан Назарбек интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.