АTPress.kz. 7 сәуір. Атырауда «Бекіре-2017» балық қорғау науқаны басталған жеті күн ішінде браконьерлерден 44 тоннадан астам балық, оның 232 келісі бекіре тұқымдас балық, 250 астам аулау құралы және көліктер мен жүзу құралдары тәркіленген.
Бұл туралы бүгін балық түрлерін сақтап қалу шараларын күшейтуге бағытталған «Бекіре-2017» кең ауқымды науқанының апталық қорытынды жиынында мәлім болды.
Жалпы науқан басталған кезеңнен бері 114 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде 31 браконьерлік іс өрескел сипатта, 14 балық өнімдерін заңсыз тасымалдау дәйегі бойынша анықталып отыр. Балық аулау ережесін бұзған 82 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 952 мың 980 теңге айыппұл салынды. 23 қылмыстық іс қозғалды.
Сәуір айының басында облыс аумағында браконьерліктің алдын алу және табиғат қорғау заңнамасын түсіндіру мақсатында арнайы штаб Исатай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген.
Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Владимир Малаховтың айтуынша, штабың қоғаммен кері байланысы ақсап тұр.
- Халық браконьерлік фактілерді көрсе, оның жолын кесу үшін көмектесуге дайын. Алайда, тұрғындар қайда хабарласу керектігін білмейді. Бұл мәселелерді органдар арқылы халыққа жеткізу керек, - деді прокурор.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі