АTPress.kz. 2 мамыр. Атыраулықтар арасында «Ноғай мәйіті» деп аталатын бейітке орнатылған шойын қоршауларды металл қабылдайтын жерге тапсырып пайда табуды көздеген қарақшы қылмыс үстінде ұсталды.
Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Индер ауданының 27 жастағы тумасы бейітті 20 сәуірден бастап торыған.
Салмағы 350 келі болатын темір-терсекті заңсыз иемденіп, оны Жұмыскер кентіндегі түрлі-түсті металл қабылдайтын жерге тапсырған.
- Ұрланған металлдан түскен 17500 теңгені қалтасына басып, кезекті қоршауды қиратқалы жатқан жерінен күдіктіні полиция қызметкерлері қолға түсірді. Оған қылмыстық кодекстің 188 бабының 2 тармағы бойынша іс қозғалды, - деп жазды ІІД баспасөз қызметі.
Мереке Асанова