Атырау қаласында жыл басынан бері бір жасөспірімге есірткіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғау органдарының өкілдері 18 мың дозадан астам синтетикалық есірткі тәркілеген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, темекі шегу, алкоголь, токсикоманияның зияны туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу тапсырысы аясында «Жаңа уақыт» Қоғамдық қоры қала мектептерінің өкілдері мен ата-аналар комитетін қосып жиын ұйымдастырды.
Жиынға қатысқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жастар арасындағы нашақорлық, есірткі тасымалымен қоғам болып күреспесе, жастардың болашағына балта шабылатынын қынжыла жеткізсе, облыстық Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева соңғы уақытта жасөспірімдерді закладчик болуға, яғни есірткі тасымалымен айналысуға шақыратындардың көбейгенін айтты. Онымен күресудің бір жолы - жастар арасында түсіндірме жұмыстарын неғұрлым көбірек жүргізу. Құқық қорғау органдарының өкілдері де мектеп ұстаздары мен ата-аналарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com