296 млн теңгені рәсуа қылғаны үшін «ҚазАвтоЖол» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары сотталды, деп хабарлайды KAZINFORM.
26 желтоқсанда Қордай аудандық сотымен «ҚазАвтоЖол» Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Д. Тультаев, «ДорСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы жобасының жетекшісі У. Құрбанов және «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Д. Мұсақұл сотталды.
" Олар қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу пунктін салу, кеңейту және реконструкциялау кезінде 296 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Қаржы жымқыру, орындалмаған жұмыс актілеріне қол қою, сол жұмыс түрлеріне екі есе ақы төлеу, жабдықтың құнын асыра бағалау сондай-ақ заттарды аз мөлшерде жеткізу арқылы жасалған", — делінген агенттік хабарламасында.
Тультаев пен Құрбановқа тиісінше 10 жыл мерзімге жол-құрылыс жұмыстарымен және құрылыс жұмыстары саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сол үкіммен Мұсақұл сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 10 жыл мерзімге инжинирингтік қызметтер көрсетумен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігінің шенеунігі баланың мүгедектігін бекіткені үшін пара алғанын жазған болатынбыз.
Фото: pexels.com