Наурыз мейрамының оныншы күні қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын еске салатын экологиялық науқанға арналған. Бұл – табиғаттағы, адамның ішкі әлеміндегі тазарудың нышаны. Бұл күн жаңа жылды үйді, жан-дүниені, қоршаған ортаны тазартудан бастау керектігін көрсетеді.
Ежелден Наурыз мейрамы тазалықпен, жаңарумен, табиғатпен үндестікпен байланысты. Бұлақтарды, арықтарды, үйлер мен қоғамдық орындарды тазарту экологияға саналы көзқарас ұлттық мәдениеттің бір бөлігіне айналатын жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Адал Азамат – қоғам мен табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінетін, экологиялық қағидаларды сақтайтын, қоршаған ортаны жақсартуға атсалысып, осы мәдениетті ұрпаққа аманат етуші тұлға. Адал Азамат үшін экология – болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын айқындайтын адамгершілік парыз.
Жыл бойы мыңдаған қазақстандықтар «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық науқанына қатысып, қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік шара емес, өмір салты екенін көрсетті. Тазару күні экологиялық мәдениеттің маңыздылығын, әрбір адамның тазалыққа жеке жауапкершілігі мен табиғатқа ұқыпты қатынасын атап көрсетеді. Бұл күн барлық азаматтар үшін ортақ іске – көшелерді, табиғи аумақтарды, жасыл аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазартуға, қоршаған әлеммен сыйластық қарым-қатынас дәстүрін нығайтуға үлес қосудың тағы бір мүмкіндігі болмақ. Мерекелік онкүндікті аяқтай отырып, «Тазару» экологияның маңыздылығын еске салып қана қоймай, Қазақстанды таза әрі болашақ ұрпақ үшін жайлы ететін тұрақты әдеттерді қалыптастырады.
Бұл күні тазарту дәстүрі қоршаған ортаны тазалау ғана емес, сонымен қатар ішкі жаңарудың символы болып табылады. Қажетсіз нәрселерден арылу, айналадағы кеңістікті реттеу және тазалау оң өзгерістерге бейімделуге көмектеседі. Экологияны мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қабылдау қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұрақты әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл күн табиғат пен адам арасындағы «көпірге» айналып, болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау керектігін еске салады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және саналы тұтынуды дамыту – жай үрдіс емес, елдің тұрақты дамуының маңызды шарттары.