Мұнай тасымалдаушылардың халықаралық байқауы

Атырауда мұнай тасымалдаушылар арасындағы «Үздік маман-2019» халықаралық байқауының ашылуы болды. Екі күндік жарыс «ҚазТрансОйл» АҚ-ның мұнай айдау стансаларының базасында өтеді.

Байқауға қазақстандық «ҚазТрансОйл», ресейлік «Транснефть», Белоруссиядан «Гомельтранснефть Дружба», Украинадан «Укртранснафта», Словакиядан «Транспетрол», венгерлік MOL и қытайлық CNPC компанияларынан 44 маман қатысады.

Байқаудың ашылу салтанатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев шараның маңызын атап өтті.

- Атырау облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 50% біздің облыстың үлесіне тиеді. Теңіз, Қашаған сияқты әлемдегі алып кен орындары осында орналасқан,- деді Н.Ноғаев.

 «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов:

- Байқау мұнай тасымалдаушылардың халықаралық ассоциациясына кіретін елдердің кәсіби тұрғыдан бірігіп, озық тәжірибе-біліммен алмасуына ықпал етеді. Қатысушылардың құрамы жыл сайын жасарып келеді. Бұл мұнай тасымалдау саласындағы жас мамандардың тәжірибесі молайып, біліктілігі артып келе жатыр деген сөз. Биылғы байқау Қазақстанның мұнайының 120 – жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр,-деді.

Шара аясында болашақ мұнай тасымалдаушыларға арналған «Достық» («Дружба») футурологиялық капсуласы салынды, ол капсула әріптес компаниялардың құбыр жүйесі арқылы жүреді – Қазақстаннан Ресейге, әрі қарай Украинаға, Белоруссияға, Словакияға, Венгрияға, Чехияға.

ATPress.kz

Фото: ӨКҚ