Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасады деген күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды ATPress.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. Оқиға Түрксіб ауданында болған. Үш ер адам бизнес-кластағы таксиге тапсырыс беріп, жүргізушіден әуежайға жеткізіп тастауын сұраған.
"Алайда жолда жолаушылар такси жүргізушісіне шабуыл жасап, оған көптеген пышақ жарақатын салған.
Қаскөйлер Toyota Camry көлігін иемденген. Қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру тобы құрылып, оның құрамына криминалдық полиция және Түрксіб аудандық ПБ-ның қызметкерлері кірді. Күдіктілер дереу анықталды. Олар жасырынуға тырысқан. Қазір күдіктілер ұсталды және қамауға алынды. Шетелдік көлік иесіне қайтарылды", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Қазір ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Олар - 1993, 1998 және 2000 жылы туған Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары.