Сағыздағы жағдайға байланысты 50 адам эвакуацияланды

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.

 Бұл туралы ATPress.kz облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

  Ресми ақпаратқа сүйенсек, 30 наурыз күні сағат 22.00-де Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында еріген қар суының салдарынан Сағыз стансысы арқылы өтетін Ноғайты өзенінде су тасқыны болды. Су деңгейі шамамен 3 м биіктікке көтерілген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауіпсіздікті қамту мақсатында тұрғындарды жергілікті мектепке, колледжге эвакуациялау және құм үйіндісі бойынша нығайту жұмыстары жүргізілген. Бұл жедел шараға облыстық төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган, аудандық полиция бөлімі, "Шанхай контракшн" ЖШС, "Адай", "Ерболат" жеке кәсіпкерліктері және ҚТЖ қызметкелері, түрлі техникалар мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

 «Эвакуацияланған тұрғындар саны — 50, оның 23-і — бала. Су астында қалуы мүмкін деген 24 жеке тұрғын үйден шығарылған азаматтар ағайын-туыстарының үйлеріне орналастырылды» делінген хабарламада.

  Соңғы ақпарат бойынша 31 наурыз сағат 09.00-де су деңгейі төмендеді. Сағат 03.30-да эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.