Атырауда тағы бір кішкентай қызды қаңғыбас ит талап тастады

«Атырауда бұралқы ит бес жасар қызды талап тастады» деп хабарлайды ATPress.kz.

Жетінші мамыр күні кешкісін көшеде қыз балаға тап келген қаңғыбас ит оны тура бетінен тістеп алған. Анасы қызды дер кезінде ауруханаға жеткізіп үлгеріпті. Оның айтуынша, әлгі ит бұған дейін де сол маңдағыларға шауып, қауып ала жаздаған көрінеді. «Белгісіз қаңғыбас ит қыз баланың бетінің біраз бөлігі жарақаттаған, жоғарғы және төменгі еріннің сол жағын бірнеше жерден тістеген. Қазіргі уақытта науқастың зақымдалған терілер тігілді, антирабиялық вакцина жасалды және тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынды» дейді ATPress.kz тілшісі жолдаған сауалға жауап берген облыстық балалар ауруханасы әкімшілігі. Айта кетейік, жақында атыраулық бір топ ана қаңғыбас иттерді жоюды талап етіп бейбіт митинг ұйымдастырған болатын. Онда ашынған аналар бетімен кеткен бұралқы иттер балаларына қате жасай ма деп қорқатындықтарын айтып шағымданды.

             Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ. 

            Сурет — ашық дереккөзден.