Жылыой аудандық Халықтық ұлт - аспаптар оркестрінің жетешісіне дирижерлік таяқша сыйға тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мәдени шарада алғашқы болып сөз алған, аудандық оркестрге он бес жылдан астам жетекшілік еткен Бүкіл одақтық фестивальдың лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Шоматұлы оркестрдің қысқаша тарихына тоқталып, қолдау білдіруге келген өнер майталмандарына алғысын білдіріп, оркестрдің қазіргі жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Талап Төлепұлына өзінің дирижерлік таяқшасын сыйға тартты. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Сахна шымылдығы Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасымен ашылып, Тоқсанбай Құлтумиевтың «Комсомол», Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя», Альберт Фоссен «Карусель», Құрманғазы «Саранжап», Евгений Дога «Граммофон», Гранадос «Испан биі», Юбер Жиро «Париж аспаны астында», Айтқали Жайымовтың «Той бастар» Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Ханс Циммер «Кариб теңізі қарақшылары», Арман Жайымның «Фантазия» шығармалары орындалды.
Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Ғабит Хамбалұлы және Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров құттықтау сөз сөйлеп, оркестр ұжымына алғыс хат табыс етті.