ATPress.kz. 4 қараша. Қазақстанның киелі жерлер географиясы картасына енгізілген Атырау облысындағы ежелгі Сарайшық қаласындағы жұмыс алаңынан адам сүйектері шықты.
Қазіргі таңда тарихи жерде Жайық жағасын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Көне шаһарды сақтап қалу мақсатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен жергілікті қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Облыстық тариxи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипованың айтуынша, жұмыс алаңынан шыққан сүйектер арнайы зерттеулер жүргізіліп сызбалары сызылып алынғаннан кейін жиналып, ауыл маңындағы бейітке қайта жерленуде. Ол ежелде мұнда орыс казактарының, ноғайлардың және он алтыншы ғасырдағы қазақтардың жерленгені белгілі болғанын айтты. Сүйектердің астында Сарайшық қаласы орналасқан.
Басты жаңалық сол, Мәдениет және спорт министрлігі шаһарды қалпына келтіру үшін 100 миллион теңге бөлетінін хабарлады. Қазірде қаланың орнын туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
Ясмин Әли