Сағыздық суретшілер бейнелеген мифтік өнімдер үздік деп танылды

ATPress.kz. 17 қараша. Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан Кенбай орта мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Альбина Қасанғалиева мен №9 орта мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Темірхан Байешев үздіктер қатарынан көрінді.

Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен республикалық суретшілер байқауы өтті. 

Байқаудың басты мақсаты – үздік суреттер таңдап, сол суреттерден ертегінің суреттерін монитордан көретіндей етіп аудио жинақтар шығару, қазақ ертегілері желісімен мультфильмдер жасау болатын. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын бұл байқауға республика бойынша 124 үміткерден тізім бойынша берілген 34 мифтік кейіпкерді сипаттаған 291 сурет қатысты. Соның ішінен үздік деп танылған 9 суретшінің 164 суреті анықталып, жинаққа енді. 

Жүздеген суретшілер арасынан Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан Кенбай орта мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Альбина Қасанғалиева мен №9 орта мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Темірхан Байешев үздіктер қатарынан көрінді. Мылқау бейнені түсінікті тілмен «сөйлетіп» қою тек талантты өнер иесінің – суретшінің, мүсіншінің ғана қолынан келмек. Осындай дарынымен дараланған сағыздық суретшілердің жұмыстары республикалық «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» атты жинаққа еніп, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қалай десек те, жаһандану кезіндегі құндылықтардың өзеруінен қоғамдағы ұлттық тұтастық бұзылып, жастардың рухани қажеттіліктерінің өзге мәдениеттерге қарай ауып бара жатқаны – ащы шындық. Балаларымыздың басым көпшілігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатқаны да рас. Бүгінгі бүлдіршіндер халық ауыз әдебиетіндегі Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғар тәрізді халықтық қаһармандарды емес, шетелдік аниматорлардың өнімдерімен жақсы таныс. 

 

Гүлшат Қалиева,

Кенбай орта мектебінің мұғалімі