«Қиырдағы қазақтар» атты деректі фильм қай мемлекеттерде түсірілетіні белгілі болды

Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Қиырдағы қазақтар» атты 8 сериялы деректі фильмнің түсіру жұмыстарының басталуына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Жиын барысында «Қазақстан тарихы» интернет жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев деректі фильм қай мемлекеттерде түсірілетінін атап өтті.

Спикердің сөзінше түсірілім қазақтар қоныстанған сегіз мемлекетте жүзеге асады.

– Біз түсірілім жұмыстарын Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған аймақтарынан бастап, одан кейін Түркіменстанның Түркіменбашы, Ташауыз, Ашхабад қалаларын қамтимыз. Содан кейін ең көп қазақ диаспорасы орналасқан Иранның Горган, Бендер-Түркімен, Тегеран, Мешхед аймақтарына соғамыз. Одан соң Ауғанстанның Кабул, Құндыз қалаларына табан тірейміз. Ары қарай Тәжікстанның Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон қалаларында қоныстанған қазақ диаспорасымен жүздесеміз. Өзбекстанның Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкент аймақтарында да біздің қандастардың қарасы қалың. Оларға да соғамыз. Содан соң Қытайдың Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәуешек, Құлжа, Мори аймағындағы қандастарға ат басын бұрамыз. Ал түсірілімді Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда, Ұлан-Батыр аймағында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді спикер.

Аталған жоба жұмыстары үстіміздегі жылдың 22-25 маусым аралығында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан бастау алды.

Сондай-ақ, спикерлер деректі фильмді түсіру барысында ҚР СІМ бірлесе отырып, жоғарыда жазылған елдердегі ҚР Елшіліктерімен бірлескен жұмыс атқарылғанын алға тартты. Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде жоғарыда аталған қалалардағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, өткен тарихы мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін көрсететін дүние көрермен назарына ұсынылмақ.

«Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетовтың мәліметінше деректі фильмнің әр сериясы 45 минуттан тұрады және National Digital History порталында түсірілім жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына #қиырдағы қазақтар деген хештегпен жаңалықтар жарияланатын болады.

Фильм көрерменге Тәуелсіздік мерекесіне орай, 16 желтоқсанда көрсетіледі.

 

Орталық коммуникациялар қызметі