Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «ХХІ ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» тақырыбында біліктілікті арттыруға арналған республикалық семинар-тренинг өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, семинар-тренингті Алматы қаласынан арнайы келген музейтанушы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы комиссия мүшесі, музей kz сайтын қалыптастырушы, магистр Нұрсерік Жолбарыс пен ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қор сақтау жұмысы жөніндегі жоғары дәрежелі маманы Нұршат Шойлиева өткізуде.
- Музей мамандары үшін өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық семинар-тренингтің мақсаты – жаңа әдістемелік алаң қалыптастыру арқылы мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби байланыс орнату, идеяларды жүзеге асыру үшін талқылауға мүмкіндіктер беру. Екі күндік семинарға біліктілігі жоғары мамандар шақырылып, дәрістер оқып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісуде, - деді музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
Аталған іс-шара «Қазақстан музейлерінің бүгіні мен болашағы», «Музейдегі көрме және экспозиция жұмысы», «Экскурсия қызметін ұйымдастырудың заманауи тәсілдері», «Музейдің қоғаммен байланысын ұйымдастыру», «Бейнелеу өнері қорын сақтау мәселелері», «Музей және әлеметтік желілер: қолдану ерекшеліктері мен мүмкіндіктері» тақырыптары аясында өтуде.