Гурьев қалай Атырау атанды?

АTPress.kz. 18 ақпан. Атырау – Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары ішінде ең алғашқы болып атауын өзгерткен қала.

Айтқали Нұрғалиев, қаламгер: 

- Гурьевтің Атырау болып өзгеруін «Ұлдың өзі туғандай, келіннің өзі келгендей» секілді ойлайтындар бар. Оның тарихын  Қазақстанда 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңмен байланыстырғанымыз жөн. Осы заң нәтижесінде көптеген қалалар мен ауылдарда белсенді жастар басын қосып, елді-мекендерде жер-су аттарын өзгерту жөнінде үлкен жұмыс істей бастады. Бұл істің басы қасында жүріп, Атырау облысында алғаш құрылған «Қазақ тілі қоғамына» төрағалық еткен Қадір Жүсіп.

«Қазақ тілі қоғамының» жұмысы барлық аудандар мен ауылдарда қазақ тілі қоғамының филиалдарын ашумен басталған.

- Кесте бойынша облыстағы барлық балабақшаларды аралап әр балабақшада бір қазақ тобын қуруды міндеттедік. Сол жерде көптеген ата-аналар балаларын қазақ тобына беруге келісетіндігін жеткізді. Ал, Каспий ойпатының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатырған аймақты ежелде Атырау деп атағанын айтып пікір білдірген тілші, ғалым Сөкен Сәукенұлының еңбектері зор, - дейді профессор Қадір Жүсіп

 

Гурьев Атырау атану үшін қандай сатыдан өтті?

Нұрпейіс Мақашев, Гурьевке атау беруді ұйымдастырған кеңес мүшелерінің бірі: 

- Сол жылдары Гурьевте бес жүздің үстінде ұжым болды. Солардың барлығына әсіресе ірі мекемелерге Гурьевтің атын өзгертуге қолдау беру туралы ұсыныс бердік. Ірі зауыт ұжымдары мен Жылыой, Мақат секілді өндірісті аудан тұрғындары арасында облыстың атын өзгертіп, қаланың атауы Гурьев болып қала берсе қайтеді деген кереағар пікірлер болды. Өйткені, атау өзгергеннен кейін барлық құжаттар, мөр және ең қиыны картаны өзгерту  қыруар қаражатты қажет ететін еді. 

 

Атырау деп өзгерту туралы кім ұсыныс берді?

Айыпқали Бекеш, «Қазақ тілі қоғамының» басқарушысы

- Гурьевтің Атырауға өзгеруі біздегі ұйымдастырушылық белсенділіктің жоғарылығынан. Облыста қолдаушы күш боп болды. Тұрақты комиссия отырыстары ұйымдастырылып, соңғы шешімді 1991 жылдың қазан айында өтетін сессияға салдық. Есімде қалған эпизодтардың бірі сессияда Гурьевті Атырауға өзгерту туралы депутат Арал Сәрсекенов ұсыныс жасады. Сессия болып жатырған залдың терезесі ашық тұрған болатын. Екі жүзден астам студенттің «Атырау, Атырау» деп айқайлап тұрғандары терезеден ішке жарқын естіліп жатты. Сессияға алпыс алты депутаттың елу тоғызы қатысты. Олардың жиырма бірі өзге ұлт өкілдерінен болатын. Барлығы бірауыздан Арал Сәрсекеновтың ұсынысын қолдады. Залдағы қол шапалақтағандардың дауысы далаға естіліп, екі жүзден астам студент пен мұғалімдердің «уралап» айқайлап тұрғандары есімде. 

Осылайша, 1991 жылы қазанның тоғызы күні, XXI шақырылған сессияның тоғызыншы отырысында Гурьев облысы мен қаласын Атырау етіп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бүгінде Атырау қаласының құрылғанына 376 жыл өтсе, қаланың Атырау атауын алғанына 25 жыл. 

 

Атыраудың 25 жылдығын қалай атап өтсек болады?

«Атырау-Ақпарат» баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында Атырау қаласы атағы берілгеніне 25 жыл толуына орай облыста суретшілер мен шығармалар байқауын, мүшәйралар мен айқындар айтысын өткізу туралы ұсыныстар айтылды. Атыраудың аудандарға шыға беріс жолдарындағы Атырау белгілерін жаңартып, оған Гурьев атауының өзгеруіне еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін ойып жазу туралы ұсыныстар болды.   

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі