ATPress.kz. 11 қараша. Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев және «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың қатысуымен ЕХРО туристік аймағының ашылуы өтті.
11, 12 және 13 қарашада ашық есік күндері аясында Астана тұрғындары мен қонақтары «Нұр Әлем» павильоны мен «Болашақ музейін», тақырыптық павильондар, үздік тәжірибелер аймағы, Конргесс орталығы, Энергия холлы және арт-орталығына бара алады. Дәл осы нысандар ашылған туристік кешеннің негізіне айналып, қалыпты тәртіп бойынша жұмыс істейтін болады.
«Президентіміздің идеясы көрме келешегінің жарқын болуында. Бұл болашаққа деген инвестиция, адам капиталын дамыту бағыты. Президентімізбен әзірленген және мақұлданған көрмеден кейінгі нысандарды қолдану тұжырымдамасы осының жарқын мысалы», – деді Ахметжан Есімов.
Келушілер тақырыптық павильонның екеуінде де энергияны үнемдейтін әрі энергетикалық тиімді болашақ қаласын құруға көмектесетін жаңа технологиялардың тәжірибе жүзінде қолданысын тамашалай алады. «Үздік тәжірибелер аймағында» әлемнің 13 елінен әкелінген жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы 24 жетекші жоба ұсынылған. Арт-орталығы заманауи өнер орталығы ретінде жұмысын жалғастырып, сондай-ақ ең кішкентай қонақтар үшін білім беру орталығы ашылған.
Ахметжан Есімов ЕХРО-2017 көрмесі кезінде танымал болған «Нұр Әлем» павильонына тоқталып өтті. Көрме барысында мұнда 1 млн 300 мың адам келген. Енді ол «Болашақ энергиясы» музейі ретінде жұмыс істеп, келушілерін әртүрлі жаңартылған энергия көздерімен, осы саладағы су жаңа жетістіктермен таныстыратын болады.
«Мен «Нұр Әлем» павильонының Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналарына сенімдімін», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Айта кетсек, көрме аумағына кіру тегін және бұрынғы – солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс кіру топтарынан жүзеге асырылады. Билеттің құны - 1500 теңге болады. Ол арқылы «Нұр Әлем» павильонын, екі тақырыптық павильонды және үздік тәжірибелер аймағын тамашалауға болады. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршіндер мен көпбалалы аналар үшін ЕХРО-2017 туристік аймағына кіру тегін болады. Ал, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына арналған билет құны 500 теңге болса, студенттер билетті 800 теңге көлемінде сатып ала алады. Билеттерді ЕХРО-2017 аумағындағы билет-кассаларында және ЕХРО-2017 ресми сайты арқылы сатып алуға болады.
Сонымен қатар, ЕХРО кешенінде аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын мұз айдыны ашылады. Мұз айдынында 1 сеанс құны 1000 теңге болмақ. Сондай-ақ, биыл Астана қаласында басты жаңа жылдық шырша ЕХРО-2017 аумағында орнатылатын болады.
Ясмин Әли