АTPress.kz. 14 сәуір. Атырау облысындағы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ғимараты бұған дейін перзентхана болғандығын бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Атырауда тұңғыш өнер музейінің ашылуына Иманғали Тасмағамбет
Бүгін аталған өнер мұражайының ашылғанына 25 жыл толуына орай «Өнер музейі: өткені, бүгіні, болашағы» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Басқосуда мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев мұражайдың тарихы жөнінде ақпарлаған болатын.
- Бүгін өнер музейінің 25 жылдығы тойланып жатқанымен, шынтуайтына келгенде, оның негізгі тарихы екі есеге жуық уақытқа әріде жатыр. Мен соның бастауында болғанмын, - деп бастады сөзін Қ.Жылқышиев.
Өнер музейінің тарихы 1977 жылдан басталады. Сол жылдары Атырау суретшілерінің туындыларын сақтайтын, кішігірім мекеме болып ашылған. Облыста сол уақытта дейін өнер музейіне байланысты еш нәрсе болмаған деседі. Кейін Атыраудың төл перзенті Иманғали Тасмағамбетовтің ықпалымен перзентхана ғимараты өнер музейі болып ресми түрде пайдалануға берілген. 2005 жылдан бастап ҚР суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Шаймардан Сариевтің есімімен аталып келеді.
Бүгінгі күнге дейін өнер мұражайының тарихы туралы қос кітап жарық көрді. Оның ішінде Атырау облысындағы көптеген суретшілердің еңбегі қамтылған. Қазір облыстық, республикалық деңгейлерде өтетін жиындарға қойылатын жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдар көпшіліктің таңданысын тудыруда. Бұл суретшілердің кейінгі ұрпаққа үйретері мол екенін аңғартады.
Атыраудағы суретшілердің шығармашық талғамы өте биік. Қ.Жылқышиевтың айтуынша, Индер ауданының өзінен 8 суретші шыққан. Тіпті, бірқатары академик атағына жетсе де, есімі ел жадында ескерілмей келеді.
- Бүгінгі суретшілердің есімін тарихта қалдыру үшін көркемсуретшілерге қолдау көрсету қажет. Қандай да болмасын суретшілерге арналған сыйлық тағайындалса немесе көше атаулары берілсе де еңбектері еленуге тұрарлық, - деді Жылқышиев.
Конференцияға алыс-жақын шет елдерден суретшілер мен қолөнершілер қатысып, құттықтау тілегін білдірді.
Ширек ғасыр бойына қолөнершілердің туындыларын жинақтап, сақтап оны халыққа насихаттап келетін өнер мұражайының жұмысы жайлы баяндаған Атырау облыстық мәдениет және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жолаевтың айтуынша, конференцияның музей қызметкерлері үшін бір-бірімен тәжірибе алмасуына берер мүмкіндігі зор. Шара барысында ҚР көркем сурет академиясының вице-президенті, Қытай өнер академиясының профессоры, академик Ермұхан Жүнісханұлы Атыраудағы өнер музейінің бірқатар қызметкерлеріне «Отан патриоты» төсбелгісін табыс етті.
Нұрбейбіт Нұғыманов