Қала жұрты «Сарайшық» коммуналдық базары, «Нұрлы-Тал» этнопаркі және «Sulo park» пен Ретро саябағында Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Мұнда киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға ұлттық тағамдар мен наурыз көже ұсынылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сонымен қатар түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі мен жәрмеңке ұйымдастырылды. Ал, жастар жағы арқан тарту, ләңгі тебу, қол күрес сынды ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты.
Мерекелік іс-шара өтіп жатқан аймақтарға қала әкімінің орынбасары арнайылап барып, тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Наурыз мерекесі — әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Түркі әлемінің алтын бесігі мен қара шаңырағы болған қасиетті қазақ елінде де бұл мереке ерекше тойланады. Сол себептен бүгін жыл басында әр шаңырақтың береке-бірлігі мықты болып, ынтымағы жарасқан егемен еліміздің еңсесі биік болсын деген ниетте облыс және қала әкімдігі наурыз мейрамына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырып жатыр. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мерекеде ауыз бекіткен барша жанның оразалары, амал-ниеттері мен құлшылықтары қабыл болсын. Төрімізде асыл қазынамыз – қарттарымыз отырғанда еліміздің еңсесі биік, тұғыры терең болады деп есептеймін. Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын! – деді Н.Ермұханов.
Көпшілікке сахнадан күй шырқалып, дәстүрлі әндер мен биден шашу шашылды. Батагөй, жасы үлкен ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, ынтымағын, өркендеуі мен гүлденуін тіледі.