Атырауға «Мұқағали» келді

АTPress.kz. 18 мамыр. Кеше Махамбет атындағы Қазақ драма театрының әртістері Атырауда алғаш рет ақын Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» драмасын сахналап, көрермен назарына ұсынды.

Драма авторының айтуынша, бұл қойылым, қай сахнада қойылса да, әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын бөлек қойылым іспетті болып шығады. Драма ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертеді. Мұқағалидың өмір жолы, бастан өткерген қиындықтарымен жете таныс болған автор ақиық ақынның емханада жатып, дәрігермен өлең арқылы тілдескендерін, өмірге деген өкпесі мен мұңын осы драма арқылы көрермен жүрегіне жеткізуге тырысқан.  

Ұзақтығы бір сағатқа созылған көркем драманың соңы ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Өмірге өлең керек» атты шығармашылық кешімен жалғасты. Кеште өнер жұлдыздары Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова және Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер қатысып, әннен шашу шашты. Қазақстанның әр қиырынан жеткен ақынның әріптестері Сәбит Досанов, Қасымхан Бегманов, Ақұштап Бақтыгереева және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та осы кештің төрінен табылып, ақынға сый-құрметі мен лебіздерін білдірді. 

 

Мереке Асанова