Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейінде Алаш зиялылары туралы тағылымы терең тарихтан сыр шертетін «AlașTalk» кездесуі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға кино актері, «Міржақып. Оян Қазақ» фильмінің басты кейіпкері Бақыт Қажыбаев пен «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, алаштанушы Елдос Тоқтарбай қатысты. Кездесуде Б.Қажыбаев «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмінің көрерменге ой салар тәлім-тәрбиесі мен сол мезгілдегі тарихи кезеңдерді баяндаса, Е.Тоқтарбай Алаш зиялылары мен олардың халқымыз үшін атқарған еңбектері туралы айтып берді.
- Бүгінгі іс-шараның мақсаты - тарих пен тағылымды ұштастырып, жастарға рух сыйлау. Алаш арыстарының еңбегі, ұлттық идеясы, қазақ қоғамының бүгінгі деңгейі туралы жас ұрпақтың ұлтқа деген махабатын ояту. Ал аталған кездесуге Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейінен өзге, қаланың 10 мектебінің оқушылары келіп, жалпы қатысушы саны 320-ға жетіп отыр, - деді Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева.
Іс-шара барысында оқушылар келген қонақтарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде белсенділік танытқан №3 «Білім-инновация» лицей-интернатының 8Б сынып оқушысы Наркес Аманжанға Елдос Тоқтарбай өзінің «Алаш сөзі» кітабын сыйға берді.