Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі. Осы орайда, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Қош келдің, Наурыз – көктем» атты ақпаратты сазды сағат өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шара барысында қазақ ұлтына тән салт-дәстүрлердің ішінде көнеден келе жатқан жоралғылардың бірі – бесікке салу дәстүрінен оқырмандардың бірі – Тойған Басығариева көрініс көрсетсе, қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнерінен кітапхана оқырманы Хабирова Аққал мәлімет беріп, жас оқырмандарға әшекей, өңіржиек, алқа, сырға жасаудан шеберлік сағатын өткізді.
Сонымен қатар, кітапханашы Бике Карипқызы Наурыз мерекесіне арналған дәстүрлі кітап көрмесін таныстырса, ҚР Ұлттық ұланының №5546 әскери бөлімінің сарбаздары күй тартты. Мектеп оқушылары өлең жолдарын оқып, «Бейбітшілік», «Ерке сылқым» күйлерін күмбірлете тартып, «Наурыз» әнін шырқады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ