Атыраудағы 4 тарихи нысан Қазақстанның киелі орындарының қатарына енді

ATPress.kz. 14 тамыз. Атырау облысындағы 4 тарихи нысан «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасының тізіміне енді. Олар: ортағасырлық Сарайшық қаласы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мавзолейі және халық батыры, дауылпаз ақын М. Өтемісұлының кесенесі.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен жұмыс тобының бірінші отырысында айтылды. Жалпы, жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның киелі нысандарын жүйелеу, материалдар жинау, кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу болып табылады.

Ақмешіт қорымы - Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан 28 шақырымда, солтүстік-шығыс бағытында орналасқан. Ағартушы, сəулетші, діни қызметкер Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813 ж.ж) дүниеге келіп, өскен жер. 1771-1774 жылдары Бекет жер асты мешітін салып, діни, рухани, емшілік қызмет көрсеткен, балаларды оқытқан. Мұнда əулиенің əкесі Мырзағұл, анасы Жания жəне бауыры жерленген. 

Сарайшық қалашығы - орта ғасырдағы үлкен, гүлденген қала болған. Махамбет ауданы, Сарайшық селосының маңында орналасқан. Мұнда Ноғай Ордасы ханының, кейін алғашқы қазақ хандығының ставкасы болған. Сарайшықта жеті хан жерленген: алтынордалық – Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жəнібек (кейбір деректерде – Мөңке Темір), қазақ ханы Қасым, ноғай хандары Измаил мен Ораз.

Ұшқан ата қорымы - Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан 50 шақырымда, оңтүстік-шығыс жақ бетінде орналасқан. Қорым атауы əулие Ұшқан атаның сол орында жерленуіне байланысты қойылған. Аңыз бойынша ғалым əрі көріпкел Ұшқан ата туыстарын өлтіргендерге қарсы жорықта қаза тапқан. XVIII ғасырда қалмақтар мен торғауыттар, қазақтар арасындағы қанды қырғында ажал құшты деген де деректер кездеседі. Қорымда 200-ден астам бейіт бар.

Махамбет Өтемісұлының кесенесі - Индер ауданы, Жарсуат ауылынан 50 шақырым жерде орналасқан. Ақын, батыр Махамбет Өтемісұлы – ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы, əскерлеріне жалынды жырларымен рух берген. Кесене республикалық дəрежеде қорғалатын ескерткіштер қатарында.

 

Айдос Қарабала