Атырауда жуырда ғана тұсауы кесілген жаңа қойылымды халық тағы да тағатсыздана күтіп жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Алдағы 20 наурыз күні Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры көрермендерге Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі шығармасы желісімен қойылған «Махаббат қызық мол жылдар» атты жаңа спектакльді тағы бір мәрте ұсынбақшы. Театрдың баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл жолы басты кейіпкерлерді жергілікті актерлар ойнайтын болады. Ал, қойылым режиссері – Гүлназ Қамысбаева, көркемдік қоюшы – Тимур Коесов. Спектакль жастарға лайықталып заманауи жаңа форматта әзірленген.
Айта кетейік, махаббат пен жастықтың асқақ үніне айналған айтулы шығарманы білмейтін жан кемде-кем. Қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазір де өз бақыты үшін күрескен Ербол мен Меңтайдың хикаясы жан баласын бей-жай қалдырмайды. Өйткені, бұл мәңгілік өшпейтін, өлмейтін махаббат жыры болып қала береді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ