Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың шығармашылық кеші өтті

ATPress.kz. 26 қыркүйек. Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың шығармашылық кеші өтті. Бар ғұмырын қазақ елінің дамуына арнаған айтулы тұлғаны Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналған Атырау жұрты қошемет көрсетіп қарсы алд

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп жатқан шығармашылық кешке «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» деген атау қойылыпты. «Қазақ руханиятының абызы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбектовтің өмірін, тағдыр тауқыметін бір адамдай көтергенін, қажымай-талмай, жасымай бүгінге жеткенін бейнефильм арқылы бағамдадық. «Соғыс балалары» деп аталған буын әдебиет пен мәдениетке өз қолтаңбаларын қалдырды. Сол бір қиындықтың неше сүлейін көріп өскен балалар бүгінде ғұламалар мен абыздарға айналды. Елдің дамуына өз үлестерін қосты. Мырзатай ағамыз – ұстаз ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосқан адам. Орхон-Енисей көне жазуларын зерттеп, ұлттық құндылықтарды сақтау жолында еңбек етті. Мырзатай ағаға қарап бой түзеген азаматтар көп. Ағамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай қызмет жасады», - деді шығармашылық кешке қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев

Әдеби-музыкалық шараны жыршы Амандық Көмеков арнаумен ашты. Сонымен қатар, күйшілігімен танылған дара тұлғаның «Қосбасар» мен «Дүние шіркін» күйлерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев орындап берді. Ал, әнші Ардақ Балажанова Кенен Әзірбаевтың «Мырзатайға» деген әнін шырқап, кештің көркін келтірді. 

Қазақстанның Иран мен Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүрген кезінде жазған «Тотықұс» әні, «Дүние-ай», «Бәйтерек» сынды әндер де осы кеште әуеледі. 

 

Айқара Ғұмар

Фото egemen.kz сайтынан алынған