Бүгін Атырауда 27 наурыз – халықаралық театр күні атап өтілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Құрметті көрермен! Айтулы датаға орай сағат 19:00-де Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының мерекелік кешін тамашалауға шақырамыз. Әрқашан театрмен бірге болған көрермендерімізге керемет кеш ұсынамыз. Келіңіздер, көріңіздер. Өнерге баға беріңіздер. Кіру – тегін" дейді театрдың баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, бүгін – театр өнерінің қоғамдағы мәдени өмірде маңызын айқындайтын атаулы күн. Қазақстан үшін де бай мәдени мұраны дәріптеп, бүкіл елдегі театр өнері мен мәдени өмірдің ерекшелігін атап өтетін мереке. Бүгінде Қазақстанда 67 театр жұмыс істейді, оның 57-сі мемлекеттік мәртебеге ие. Оның ішінде 11 республикалық, 46 облыстық театр бар. Республикалық театрлардың этникалық театрлар, опера және балет театрлары, драма және музыкалық драма театрлары секілді түрлі форматы бар. Аймақтық театрларға қалалық және облыстық мекемелер, сонымен қатар драмалық театрдан бастап, қуыршақ театрына дейінгі түрлі жанрлар кіреді. Театрлардың репертуарында 2,5 мыңнан астам қойылым жинақталған, оның ішінде 2023 жылы жарық көрген 309 жаңа туынды бар. Өткен жылы театр ұжымдары 12 мыңнан астам спектакль қойып, оны 2,5 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Қазақ театрына деген қызығушылық ел ішінде ғана емес, шетелде де байқалады. Театр саласында барлығы 20 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді, бұл театрдың қоғамдағы мәдени ғана емес, әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын да айғақтайды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ