Сарайшықтағы тарихи оқиғаға байланысты «Қасым хан» атты ауқымы үлкен, тарихи драматургиялық шығарма жазылып, оны алдағы уақытта Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналау жоспарланып отыр. Бұл туралы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Театр - барлық өнер түрлерінің ішіндегі жан-жақты, барлық өнер түрінің басын біріктіретін синтезді өнер. Өйткені ол әдебиеттен бастау алып, музыка, би-балет, хореография, бейнелеу, шешендік өнер, өлең-поэзия сынды көптеген бағыттарды қамтиды.
Тарихы терең Атырау өңірі – ежелден ел билеген хандардың, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешен, ақындардың, құдыретті күйшілердің мәңгілік мекен тапқан жері. Бүгін де ұлттық тарихты түгендеп, руханиятты жас буынға дәріптеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Т.Мұхтаровтың айтуынша, театр репертуарында заманауи жанрлардың барлығы дерлік қамтылған. Сонымен қатар, жаңа форматтардағы түрлі светтік, хореографиялық, цифрлық техникалық эффектлермен эксперименттік спектакльдерге де батыл қадамдар жасалынып жатыр. Бірнеше республикалық, халықаралық фестивальдерге шығып, сондай фестивальдерді ұжымның өзі де бірнеше мәрте ұйымдастырып, шығармашылық топ біраз тәжірибе жинақтады.
- Жоспарымыздың алғашқы кезегінде ел тарихының хандық дәуірі деп аталатын XV-XVIII ғғ. аралығында өмір сүріп, ісімен де, сөзімен де артында өшпес із қалдырған, Қазақ елінің еңсесін тіктеп, өркендеп өсуіне, елдің-жердің өрісі кеңеюіне орасан үлес қосқан Қасым ханның құрметіне арнап, «Қасым хан» қойылымын қою, бкрінші кезекте ұрпақ алдындағы парызымыз іспетті. «Қасым хан» - өңірдің бүкіл тарихын қамтитын, оны өскелең ұрпаққа кеңінен танытатын тарихи драма болмақ. Оған Алматыдан арнайы Елік Нұрсұлтан есімді режиссер, көркемдік шешімдері жағынан кәнігі сценограф маман – Гүлнара Қанафина шақырылып жатыр, - деді Т.Мұхтаров.
Сондай-ақ ол, актерлік шеберлікті шыңдау және қойылым бөліміне қарасты цех қызметкерлерімен тәжірибе алмастыру мақсатында өзге де өңірлерден режиссерлерді шақырып, бірлесіп жұмыс жасауды қолға алынғанын атап өтті. Бұдан бөлек театр, күзге қарай қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың өміріне қатысты шығармаларды жинақтап, сахналық нұсқасын жазып, оны көрермен назарына ұсынуды да жоспарлап отыр.