Ақжар ауылдық мәдениет үйінің ауыл халқына арнап іс-шара өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мерекелік жиынның жоғары деңгейде өтуіне ауыл тұрғындары да үлес қосып, ұлттық ойын сайыстарына белсенді қатысты. Бұл туралы Аtr.kz жазады. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер мерекенің көркін қыздырды. Әсіресе, өнерпаздар Ә.Жәрдемов орындаған «Тойбастар» әні, А.Абай шырқаған «Наурыз» әні және басқаларының өнерлері көптің қошеметіне бөленді. Қайыршақты ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Мұрат Мыңбайұлы қандай шарада да ауыл халқының белсенділігі, ынтымағы жоғары екенін атап өтті.
- Жыл сайын Наурыз мерекесін ұйымшылдықпен думандатамыз. Қазақша Жаңа жылымыз бәрімізге де жақсылық әкелсін, еліміз тыныш болсын! Ұлыстың Ұлы күніндегі тілек-бата қабыл болғай! Бүгін жастарға берер тәрбиелік мағынасы бар шара өтуде, ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмасын! Елдегі ынтымақ, бірлік нығая берсін, – деді бас маман.
Ал, Түркиядан келген кішкентай тұрғын Ильхан Медигазиев биыл Наурыз мерекесін Атырауда тойлайтынына айрықша қуанышты.
–Мен Түркияның Стамбұл қаласынан Атыраудағы нағашы ата-әжемді Наурыз мерекесімен құттықтау үшін анаммен бірге қыдырып келдім. Менің әкем – түрік, анам – қазақ. Мен қазір VI сыныпта оқимын, сабақ үлгерімім жақсы. Ұлтым түрік болғанымен, қазақ тілін өте жақсы білемін. Барлық атыраулықты Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ынтымағымыз жараса берсін, бауырлас елдігіміз мәңгілік болғай! – дейді түркиялық мейман.