ATPress.kz. 5 қазан. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына қатысты атыраулық профессор-оқытушылар өз ұсыныс-пікірлерін жолдады.
Мысалы, Атырау мұнай және газ университетінің оқытушылары мен студенттері мемлекет басшысының әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару туралы ұсынысын қолдайды. Олардың пікірінше, бұл әлемдік ғылыми білім беру кеңістігінде өзіндік орын алуға зор мүмкіндік сыйламақ. Сонымен, Атыраудағы жоғары оқу орнының ұжымы салалық мекемеге отыздан астам кітаптың тізімін жіберген.
Осы орайда, университет ректоры Әли Әбішев: «Білім беру үрдісі мен тәрбие жұмыстарында, ғылыми ізденістерге осы оқулықтарды пайдалануға дайынбыз», - дейді. Ұсынылған кітаптардың тізбесіне мұнай мен газ өнеркәсібі, коммуникация, кеме жүргізу ісі, құқық және экономикаға қатысты жаһандағы озық туындылардың атаулары енгізілген.
Бүгінде Елбасының мақаласына сай әлемдегі үздік шығармаларды қазақ тіліне тәржімалау Елордадағы Ұлттық аударма бюросына жүктелген. «Бұл мәселені осы бағдарламаға орай құрылған жұмыс тобы алғашқы кезекте талқылаған еді. Біріншіден еліміздегі барлық жоғары оқу орындары өз ұсыныстарын берді. Соның нәтижесінде 800-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Ал 100 оқулықты іріктеу кезінде шартты түрде қойылатын талаптардың бірі - бұл оқулық кемінде үш рет басылған болуы керек. Бірақ біздің аударатын оқулықтарымыздың көбі оннан көп басылып шыққан. Соның негізінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Сонымен қатар, соңғы басылымы 2014 жылдан кеш болмасын деген талап қойылды. Ондағы ой қазіргі күнде өзектілігі бар деген көзқарас. Және ең басты талап, әрине, әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының педогогикалық практикасында болуы керек», - дейді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Қазіргі таңда аталған бағыттар бойынша әзірге 17 кітап іріктелген. Сөйтіп, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция мен Ресейдің үздік баспаларымен кітаптарды қазақ тіліне аудару құқықтары рәсімделіпті. Ал аударманы іске асыру үшін 17 жұмыс тобы құрылып, 90-нан астам маман жұмысқа тартылған. Ал, оқулық аудармасының сапасын қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз ғылыми және әдеби редакция жұмыс істейді.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, таңдалып алынған кітаптардың тағы бір ерекшелігі бұған дейін қазақ тілінде жарық көрмеген. Ал Елбасының мақаласында көрсетілгендей, аударылған кітаптар 2018-2019 оқу жылынан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілмек.
Сонымен, Ұлттық аударма бюросы тәржімалап жатқан 17 кітаптың тізімін назарларыңызға ұсынамыз:
Философия
1. «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Дерек Джонстон
2. «Батыс философиясының жаңа тарихы» (4 томдық) 1 том, Anthony John Patrick Kenny
3. «Батыс философиясының жаңа тарихы» (4 томдық) 2-том, Anthony John Patrick Kenny
4. «Философия бойынша негізгі 25 кітап», Реми Хесс
Әлеуметтану
5. «Әлеуметтану негіздері» (9-басылым), David Brinkerhoff, Suzanne Ortega, Rose Weitz
6. «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Джордж Ритцер
7. «Әлеуметтік жануарлар. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Эллиот Аронсон
Психология
8. «Қазіргі заманғы психология тарихы» (11 басылым), Duane P. Schultz, Sydney Ellen Schultz
9. «Әлеуметтік психология» (7 басылым), Дэвид Майерс
Экономика, менеджмент, шаруашылық
10. «Экономика негіздері» (8 басылым), Грегори Мэнкью
11. «Кәсіпкерлік: теория, процесс және тәжірибе» (10 басылым), Donald F. Kuratko
12. «Менеджмент» (12 басылым), Ricky W.Griffin
Дінтану
13. «Құдай тарихы. Иудаизм, христиан діні және исламдағы 4 мың жылдық ізденіс», Карен Армстронг
Лингвистика
14. «Лингвистикаға кіріспе» (халықаралық басылым), Victoria Fromkin, Robert Rodman, Nina Hyams
15. «Тіл және мәдениетаралық байланыс», Светлана Тер-Минасова
Мәдениеттану, антропология
16. «Антропология теориясындағы тарих және теория», Alan Barnard
Инновация
17. «Төртінші өнеркәсіптік революция», Клаус Шваб
Айта кетейік, «100 оқулық» жобасына шетелдегі қазақ ғалымдары да қызығушылық танытып отыр. Мәселен, дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Ирландияның Дублин университетінің оқытушысы Кесижи Өзгежан: «Бұл жобаға қатысқымыз келеді. Себебі біліміміз бен тәжірибемізді қазақ елінің игілігі үшін жарату - біз үшін зор мәртебе», - деген еді.
Қорыта айтқанда, «Рухани жаңғыру» мақаласында нықталған «100 оқулық» жобасы еліміздің дамуына зор серпін бермек. Ең бастысы, гуманитарлық білім бағытындағы әлемнің ең үздік шығармаларымен қауышып, сусындаған жастардың бәсекеге қабілетті, білімді, білікті болып шығары сөзсіз...
Айдос Қарабала
Фото aikyn.kz сайтынан алынған