Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жоладуында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырауда жұмыссыз азаматтарды жұмысшы мамандықтары бойынша оқуға іріктеу басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Қысқа мерзімде оқытудың I кезеңінде 94 адам 4 мамандық бойынша оқуын бастады. Қазір II кезеңге іріктеу жүріп жатыр.
- Биыл «Теңізшевройл» компаниясымен 250 адамды оқыту жоспарланды. Шілде айында 94 жұмыссыз оқуын бастап, оның ішінен 32-сі мамандық сертификатын алып шықты. Қазір, басқарма мамандары барлық ауданды аралап, 2-ші кезеңге іріктеу жүргізіп жатыр. Үміткерлер металлконструкцияларды дәнекерлеуші, БӨАжА монтаждаушы, электрмонтаждаушы, құбырмонтаждаушы мамандықтары бойынша кәсіптік білім ала алады, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Әбілқасымов.
Анықтама үшін: кәсіптік оқыту облыс әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС-гі арасында бекіген келісім-шарт негізінде жүргізіледі. Осыған орай, жыл сайын 250 жұмыссыз оқытылады. Былтыр жұмысшы мамандықтары бойынша білім алған 250 адамдың 85 пайызы жұмысқа орналасқан.
Суретті түсірген: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ