Биыл Атыраудағы Қаныш Сәтбаев атындағы даңғылды қайта жаңғырту жұмысы басталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ұзындығы 2,34 шақырымдық жолды қайта жаңғырту жұмысы сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, мердігер мекеме де анықталды. Бұл жөнінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев айтты. Жоба аясында даңғылдың Ерниязов көшесімен қиылысатын тұсынан бастап Құрманғазы көшесіне дейінгі аралығына қосымша бір жолақ салынады. Яғни, даңғыл кеңейіп, айналасы абаттандырылмақ.
Атырау қаласындағы негізгі елді мекендердің 95 пайызы тасжолмен қамтылған. Қазіргі уақытта шаhар , ауылдық округтер аумағында тас жолы жоқ көшелерге асфальт төсеу мақсатында жобалық-сметалық құжақ жасақталуда. Жоба аясында 60 шақырымға жуық жерге жол салынбақ, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Қала ішіндегі көлік қозғалысын дамытып, кептелісті азайту мақсатында Атырау-Астрахань тас жолы арқылы «Нұрсая» ықшам ауданына тікелей шығуға мүмкіндік беретін жол салынады. Яғни, ұзындығы 1,4 шақырым болатын жаңа жол Самал ықшамауданындағы 31 көше мен Атырау-Астрахань трассасын қоспақ. Бұл жұмыс осы жылдың І тоқсанында басталады.
Атырау қаласында тағы іске асып жатқан бір жоба Жастар көшесінен Әбілқайыр даңғылына шығуға мүмкіндік береді. Үш шақырымдық жолды салу жұмысы 2023 жылы басталған еді. Бүгінде екі шақырымға асфальттың алғашқы жабындысы төселген. Қазір көпір салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарда.
Сәуле МАҒАУ