Аудандық дене шынықтыру кешенінде спорттың бұқаралылығын арттыру және насихаттау мақсатында аудан мұғалімдері арасында волейболдан спорт ардагері, марқұм Қайырбек Қиматовты еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінен білгеніміздей, жас ұрпақ тәрбиесінде артына ізгілікті із қалдырған азамат Қарағанды спорт техникумын бітіріп келіп, ауданның бірқатар мектептерінде мамандығы бойынша еңбек етті. Студент кезінде еркін күреспен айналысып, талай байрақты бәсекелерде топ жарды. КСРО-ның спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Қайырбек Мұфтахиденұлы атындағы турнир марқұмның 60 жылдығына орай алғаш рет қолға алынып, жыл сайын дәстүрлі өтіп келеді. Жарыс бұрындары марқұмның соңғы еңбек орны – Панфилов атындағы орта мектептің базасында өткізіліп келсе, биылғы жылы аудан орталығына ауыстырылды. Турнирдің ашылу рәсімінде сөз алған ағасы Темірбек, зайыбы Меңді, спорт саласында жүрген үзеңгілес жолдастары Есенгелді Мерханов, Төремұрат Сисенғалиев асыл азамат жайында айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс жолына Абай, Ломоносов, Әуезов, Панфилов, Бегәлиев, Манаев атындағы және Еңбекші жалпы орта мектептері, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатымен бірге спорт ардагерлерінен құралған команда шығып, ойын көрігін қыздырды. Тартысты кездесулердің нәтижесінде Әуезов мектебі бірінші, ардагерлер командасы екінші, Бегәлиев мектебі үшінші орындарды жеңіп алды. Жекелеген спортшылардан шебер ойындарымен көзге түскен Бимұрзаева Шолпан(Әуезов о/м) «Үздік техникасы үшін», Жасұлан Қаниев(ардагерлер командасы) «Үздік ойыншы» аталымдарын иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге кубок пен медальдар табысталды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ