Жұмысшы мамандықтар жылы: Еңбекшіде еңбекқор ұжым тұрады (+ВИДЕО)
Тіршіліктің негізгі күре тамыры ауылшаруашылығы саласында елеулі орнын сайлаған өндірістік кооперативтің бірі - Еңбекші ауылдық округіндегі «Құрманғазы СДО» өндірістік кооперативі. Ондағы бірнеше тұрақты қызметкер халық игілігі үшін нағыз еңбектің қызу қазанында қайнап жүр.
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осындай қарапайым еңбек адамдарының арқасында «Құрманғазы СДО» сервистік орталығында ет бөлшектеніп, салмағы өлшенеді, дайын өнімге жұмсалатыны сүйегінен ажыратылып алынады. Малды жоғары көтеріп, төмен түсіретін қондырғылар болмаса, жұмыстың басым бөлігі қол күшімен жасалады. Ұйымшыл ұжым мүшелерінің бір бөлігі қуырдақ турап, бір бөлігі оны пісіреді.
Жоғары сортты ұн електен өткізіліп, иленіп, әйелдер қауымы манты, тұшпараларды түйіп, оны өлшеп, қораптарға салып, заттаңба жапсырады. Бүгінде дайын өнімдер орталықтағы екі бірдей дүкенге жіберіліп отырады.
Олардың барлығы химиялық тәжірибелер мен зерттеулер жүргізуге арналған арнайы жабдықталған бөлмеден сапалық бақылаудан өтеді, талаптарға сай сертификаттары берілген.
«Құрманғазы СДО» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі директоры Бержан Кенжебаев бастаған ұжымда осындай қарапайым, адал еңбектің адамдары ауыл-аймақты дайын және жартылай дайын өнімдерімен үздіксіз қамтып келеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ