Қазақстанда наурыз айындағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау басталды

Қазақстанда наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау басталды. Ұлттық тестілеу орталығы өтініштер 25 ақпанға дейін қабылданатынын нақтылайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтеді.

Бұл тестілеуге келесі тұлғалар қатыса алады:

орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушылары;
шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар;
өткен жылғы мектеп және колледж түлектері (толық оқыту нысанына);
ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар;
шетелде білім алған бітіруші 11 (12) сынып оқушылары (Қазақстан Республикасының азаматтары).

Тестілеуге қатысу құны – 5640 теңге.

Тест тапсырушылар ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнін және уақытын өзі таңдайды.