Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысына 2 мың адам тартылмақ

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов “QazaqGaz” ҰҚ” АҚ-ның басқарма төрағасы Санджар Жаркешовпен Қашағандағы газ өңдеу зауытының жобасын жүзеге асыру жәйін талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өткен демалыста аймақ басшысы Серік Шәпкенов “QazaqGaz” ҰҚ” АҚ-ның басқарма төрағасы Санджар Жаркешовпен жүздесіп, Қашағандағы газ өңдеу зауыты жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылады.  

Кездесуде бас мердігерлер “KCG” ЖШС-гі, “Іntegra” ЖШС-нен өкілдер де болып, құрылыстың қазіргі жағдайы, сондай-ақ жобаны іске асырудағы өзекті мәселердің шешімі турасында баяндады. 

Құрылыстағы жалпы прогрестің бүгінгі көрсеткіші — 42%. Соңғы мәліметтерге сай, құрал-жабдықтың 90%-ы жеткізілген, монтаж қарқынды жүріп жатыр. Құрылысқа 900-ден аса маман, 75 техника жұмылдырылған. Биылғы мамырдан бастап персонал санын 2000-ға жеткізу жоспарланған. 

“Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Көктем келе ірі технологиялық жабдықтарды орнатуды бастаймыз. Үкімет бекіткен кесте бойынша зауыт 2026 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс” деді Санджар Жаркешов. 

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жобаны уақытында аяқтаудың маңызына тоқталып, мердігерлердің жұмысын қадағалау, кадрмен қамту, экологиялық қауіпсіздік сынды негізгі мәселелерге баса назар аударды. Аймақ басшысы жиын барысында жобаны іске асырушылардың жұмысын үйлестірудегі ашықтық пен жұмыстық мерзімге сай жүруін міндеттеді. Зауытты уақытында іске қосуға қажетті ресурсты жұмылдырып, тиімді әріптестік орнату керек. 

Сәуле МАҒАУ 

Фото: kbv.kz