Қызылқоғада мал қорымдарының құрылысы жоспарлануда. Бұл туралы аудандық әкімдіктің кезекті кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жиында аудан өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, күн тәртібінде төрт негізгі мәселе қаралды: ветеринария саласындағы түйткілдер, ауыл шаруашылығы бағытындағы санитарлық талаптар, халықтың денсаулығы мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер.
ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МАЛ ЕСЕБІНІҢ ДӘЛДІГІ МӘСЕЛЕСІ
Алғашқы болып аудандық ветеринариялық стансаның 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылға арналған жоспарлары таныстырылды. Ветеринариялық станса директоры Жәнібек Кенжин аудан аумағындағы мал молаларын қайта салу қажеттігін алға тартып, аудан басшылығына нақты ұсыныстарын жеткізді.
Осыған байланысты аудан әкімі Қанат Қадыржанұлы:
— Мал молаларын салу жоспарда бар. Биылғы жылы жобасын әзірлеудеміз, алдағы уақытта міндетті түрде жүзеге асырамыз, — деп атап өтті.
Келесі мәселе – мал ұстау орындарын жасақтау. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің ұсынысы қаралды. Рұқсат құжаттары жоқ малдарды уақытша ұстайтын орындардың жоқтығы күрделі мәселе екенін айтқан аудан басшысы Сағыз және Миялы округтерінен арнайы мал қамайтын орындар салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Отырыс барысында қаралған өзге мәселелер де аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шаралар ретінде талқыланды.
Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Айжан Ізімова аудан аумағындағы мал есебінің дұрыс жүргізілмей отырғанын сынға алып, бұл мәселенің түп-төркінін ашық айтты.
- Қазіргі таңда ауданда көптеген малдар есепке алынбаған. Бұл – тек құжат жүзіндегі кемшілік емес, сонымен қатар, кейбір тұрғындардың малын әдейі жасырып қалу фактісімен де байланысты. Жеке қожалықтар болсын, қарапайым ауыл тұрғындары болсын, өз меншігіндегі малдың бір бөлігін тіркеп, қалғанын құжатсыз ұстап отыр. Осылайша, олар түрлі мемлекеттік міндеттемелерден қашуға тырысуда. Нәтижесінде, ресми дерек пен нақты жағдайдың арасында алшақтық пайда болған,– деді ол.
Сондай-ақ, Айжан Ізімова бұған дейін ауданда үш айға енгізілген «Жасыл дәліз» жобасын еске салып, осы тәжірибені қайталау қажеттігін айтты.
— Бұрын «Жасыл дәліз» арқылы малды тіркеуге уақытша мүмкіндік берілген болатын. Енді осы қателіктерді түзету үшін тиісті органдар арқылы екі айға болса да осындай мүмкіндік қарастырған жөн. Ауыл тұрғындары малын сатқысы келсе, тіркеу мәселесіне байланысты түрлі кедергілерге тап болады. Бұрын сіздер "Жасыл дәліз" жобасын іске асырып, уақытша тіркеуге мүмкіндік жасаған едіңіздер. Қазір осы тәжірибені қайта жандандырмасақ, мал есебіндегі қателіктер сақтала бермек. Сонымен қатар, жыл сайын ауылдық округ мамандары жеке тұрғындардың малын түгендеп, санағын жүргізеді. Бірақ округтегі мал саны мен сіздің мекемеңіздегі ресми базадағы деректердің айырмашылығы айтарлықтай. Бұл сәйкессіздік қашан реттеледі? — деп, қоғамдық кеңес мүшесі сала басшылығынан нақты шараларды талап етті.
Жәнібек Кенжин бұл ұсынысты қолдап, тиісті басқармаларға сұраныс жолдау арқылы "Жасыл дәліз" жобасын уақытша қайта ашу бағытында жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, мал иелері әрбір бас малын уақытында тіркеу және есептен шығару жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруы қажет екенін ескертті.
— Егер мал иесі тиісті тәртіпті сақтамаса, оған әкімшілік шара қолданылады, яғни айыппұл салынады. Кейін комиссия құрылып, құжаттар ауыл шаруашылығы дерекқорын бірдейлендіру комитетіне жолданады. Сондықтан, әрбір мал иесі мал төлдеген бойда аудандық ветеринариялық стансаға келіп, өтініш беріп тіркетуі керек. Ал малды сатқан, сойған немесе біреуге берген жағдайда оны есептен шығару жауапкершілігі де тікелей мал иесінің мойнында, — деп түсіндірді ол.
Аудан басшысы мал бірдейлендіру базасын жаңартып, жүйелі жұмыстарды сапалы ұйымдастыру мақсатында округ әкімдеріне әр округ бойынша жеке тұрғындардың иелігіндегі мал санының нақты есебін шығаруды тапсырды. Бұл мәселені өз қадағалауына алатынын атап өткен аудан әкімі тіркелмеген мал санын анықтау және есепті дұрыс жүргізу қажеттігін баса айтты.
МАЛ СОЮ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР КҮШЕЙТІЛЕДІ.
Жиын барысында күн тәртібіндегі екінші мәселе – ауыл шаруашылығы бағытындағы ветеринариялық және санитарлық талаптардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы талқыланды.
Талқылау барысында аудан әкімі барлық округтерден аукцион арқылы мал сою цехтарын салуға жер телімдерін анықтау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бұл жобаны жүзеге асыру үшін сол аймақтарда жұмыс жасауға ниетті кәсіпкерлерді тарту маңызды екенін атап өтті. Осы арқылы ветеринариялық және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың мал сою қызметтеріне қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр.
Аудан басшысы барлық мал сою жұмыстарын арнайы мал сою цехтарында немесе белгіленген орындарда ғана жүзеге асыру қажеттігін қатаң ескертті. Осыған байланысты 10 ауылдық округ әкімдері мен АІБ қызметкерлеріне арнайы тапсырма жүктелді.
Барлық мал сою жұмыстары арнайы белгіленген орындарда жүргізілуі тиіс, ал санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге заң аясында шара қолданылады. Сонымен қатар, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін, рұқсат етілмеген жерлерде мал сойып, ет сатып отырған кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды анықтап, заң аясында шара қолдану міндеттелді. Әсіресе, жеке тұрғын үйлердің аулаларында санитарлық талаптарды сақтамай мал сою фактілері жиі кездесетіндіктен, арнайы рейдтік жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Аудан басшысы бұл мәселеге салғырт қараған округ әкімдеріне қатаң ескерту жасады.
- Жеке тұрғын үйлерде малды санитарлық талаптарды сақтамай сою оқиғалары жиілеп кетті. Бұл жағдай адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан, округ әкімдері мал сою орындарын қатаң бақылауға алып, заңсыз қызмет көрсететін кәсіпкерлерді анықтау шараларын жүйелі жүргізуі керек, – деді.
Сондай-ақ, ет сататын дүкендерде санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру мақсатында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысына нақты тапсырма берілді. Ауылдық округтерді кесте бойынша аралап, кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі баса айтты.
Аудан әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің бірі – жазғы маусымда ауыл тұрғындарының сауын мүйізді ірі қарасы мен ұсақ малдарын жайылымға ұйымдасқан түрде шығару, жайылым схемасын бекіту және елді мекендердегі тазалық пен көгалдандыруды сақтау болды. Осыған байланысты аудан басшысы 10 ауылдық округ әкімдеріне ауыл ішінде бағымсыз жүрген малдарды арнайы белгіленген орынға қамап, иелеріне айыппұл салу шараларын уақытылы ұйымдастыруды тапсырды.
Аудандық әкімдіктің отырысында Қанат Қадыржанұлы іс-шара жоспарына немқұрайлы қарауға болмайтынын ерекше атап өтті. Әсіресе, төрт түлік арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай арнайы орында сойылған малдың құжаттарының болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының улану фактілерін болдырмау мақсатында аудандық ветеринариялық станса, аудандық аумақтық инспекция, аудандық полиция бөлімі және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастыруды жүктеді. Бұл рейдтер аудан аумағындағы мейрамханаларда санитарлық талаптардың сақталуын бақылауға бағытталмақ. Аудан басшысы бұл жұмыстардың өзектілігін жоғалтпайтынын, алдағы уақытта өзі тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді.
ЕКПЕДЕН БАС ТАРТУ-ҮЛКЕН ҚАУІП
Одан кейін Қызылқоға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Назерке Мақсотқызы аудан тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша соңғы жылдары балаларды вакцинациялау көрсеткіші төмендеп бара жатқанын атап өтті.
— Соңғы жылдары ата-аналардың діни көзқарасына және интернет жүйелерінен тараған теріс ақпараттарға байланысты балаларын вакцинациялаудан бас тарту жиілеуде. Бұл жағдай алдағы уақытта екпе алмаған, инфекцияларға қарсы бейім адамдардың көбейіп, аурулардың қайта көтерілуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан, облыстық теологтар, мешіттер өкілдері және аудан әкімдігі дәрігерлермен бірге халық арасында вакцинация туралы түсінік жұмыстарын күшейту қажет, — деп атап өтті Назерке Мақсотқызы.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан ішінде ата-аналарының бас тарту себебінен 7 баланың екпе алмағаны белгілі болды. Бұл мәселе санитарлық жағдайдың жақсаруына қауіп төндіріп отырғанын, сондықтан оны шешу үшін қоғаммен бірлескен жұмыс қажет екенін ескертті.
БІЛІМ БЕРУ БАЗАЛАРЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУ
Күн тәртібінде қаралған төртінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылға арналған жоспары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Әнжанованың жұмысы тыңдалды.
Баяндамашыдан кейін аудан әкімі аталған бөлімнің проблемалық мәселелеріне тоқталып, аудандағы барлық білім беру ұйымдарының жағдайына зерделеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, реновациядан өтетін мектептер үшін жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуді ұйымдастыруды бөлім басшысына нақты тапсырды. Бұл мәселелер аудан әкімінің бақылауында болатынын айтып, іске асырылуы тиіс жұмыстарға қатысты жауапкершілікті қатаң қадағалайтынын алға тартты.
- Біз балаларымызға сапалы білім беру үшін инфрақұрылымды күшейтуіміз керек. Барлық мектептердің жағдайы жіті зерттеліп, қайта жөндеуді қажет ететін нысандарға нақты жоспар жасалуы тиіс, – деді Қанат Қадыржанұлы.
БАРЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАР БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ
Аудан басшысы Қанат Қадыржанұлы жиын барысында қаралған мәселелердің барлығы халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, ветеринария, санитарлық талаптарды сақтау, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстар жүйелі түрде қадағаланып отыратынын баса айтты.
- Бұл мәселелер тек бір реттік тапсырма ретінде қарастырылмауы керек. Барлық айтылған ұсыныстар мен жүктелген міндеттерді жүзеге асыру – округ әкімдері мен сала басшыларының тікелей жауапкершілігінде. Бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады," – деді аудан басшысы.
Бұл жиында қабылданған шешімдер аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болмақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ