«Дипломмен ауылға»: Құрманғазыда 577 маманға жәрдемақы төленді

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Құрманғазы ауданында қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Бауыржанқызы тоылғырақ баяндап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды аймақтарды қажетті әлеуметтік сала бойынша мамандармен қамтамасыз ету. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауданда сәтті іске асып, бүгінде өз жемісін беруде...

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ АУДАНДА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

Жалпы, көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады. Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елдімекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

Ауылдың әлеуетін арттыру үшін құрылған бұл жоба елімізде 2009 жылдан басталып, бүгінгі таңда ауыл-аймақтарда орналасқан өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып келеді. Кадр тапшылығы деген мәселені шешуге зор үлесін қосуда.

Құрманғазы ауданы бойынша «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын» ұсыну үшін ауданның жергілікті атқарушы органдарынан түскен сұраныстары бойынша 2025 жылға сұранысқа ие қажетті мамандықтардың тізбесі қалыптастырылып, аудан әкімінің қаулысымен бекітілді.

Көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына арналған міндетемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады.

Құрманғазы ауданы бойынша 2009-2024 жылдар аралығында тұрғын үй сатып алу үшін 177 маманға бюджеттік несие, 577 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

БАҒДАРЛАМА ЖАСТАРҒА НЕ БЕРЕДІ?

- Берілетін бір реттік көтерме жәрдемақы - 100 АЕК-393200 тенге;

Тұрғын үй сатып алуға немесе салу үшін берілетін бюджеттік несие:

- ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2500 АЕК (екі мың бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен) аспайтын сомада – 9 830 000 тенге;

- ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2000 АЕК (екі мың еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен) аспайтын сомада 7 864 000 тенге.

Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие 15 жыл мерзімге беріледі, несие бойынша сыйақы ставкасы несие сомасының жылдық 0,01 %-ы мөлшерінде белгіленген.

Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға болмайды.

Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ, сондай-ақ соңғы 2 (екі) жылда күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ алушыларға ұсынылады.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?

Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы электрондық цифрлық қолтаңбаның (бұдан әрі – ЭЦҚ) көмегімен немесе бір реттік парольмен куәландырылған Порталда тіркеуді жүзеге асырады және көрсетілетін қызметті берушіге otbasybank.kz/program-bank Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

1) көтерме жәрдемақы алған кезде:

• осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

• жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi;

2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:

• осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

• жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi;

• неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлік не некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• кредиттік бюродан есеп;

3) тұрғын үй салуға бюджеттік кредит алған кезде:

• осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

• жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi;

• неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлік не некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

• Кредиттік бюродан есеп.

Көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алуға бір мезгілде өтініш беруге жол беріледі.

Портал арқылы жүгінген кезде өтінішке көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ немесе бір реттік парольмен куәландырылған көрсетілген құжаттардың (тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын құжаттарды қоспағанда) электрондық (сканерленген) көшірмелері қоса тіркеледі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: www.gov.kz