Нұр-Сұлтан атмосфералық ауасы жоғары ластанған қалаларға жатады, негізінен қысқы жылыту кезеңінде. Мәселенің шешімі - 100% газдандыру.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов елдегі экологиялық проблемаларды шешу жайлы айтып берді.
Оның сөзінше, елордада жергілікті билік 2024 жылға дейін толық газдандыру жоспарын бекітті.
«Бізде 30 мың үй бар. Әкімдіктің мәліметінше, 14 мыңға жуық үйге тиісті инфрақұрылым тартылған, 4 мыңға жуық үй қосылды. Жеке меншік секторды газға ауыстырған кезде мәселе шешіледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды, газдың болмауы мәселесі шешілуде. Жалпы, бұл шаралар шығарындылар көлемін 20 мың тоннаға немесе 25%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қалада жүздеген басқа ластау көздері бар, қазандықтар, ШОБ объектілері, олар бойынша да мәселені шешу қажет», - деп атап өтті спикер.