Медициналық мекеме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пайдалануға берілді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты өтті.
Жаңа медициналық мекеме 1 мыңнан астам ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
Амбулаторияда қарау кабинеті, салауатты өмір салты кабинеті, тіркеу орны, дәрігерге дейінгі кабинет, ем-шара және егу кабинеттері бар.
Мұнда 1 дәрігер және 9 орта буын медицина маманы халыққа медициналық қызметтерді көрсететін болады.
- Бұрын отбасылық-дәрігерлік амбулатория ескі ғимаратта орналасқан болатын. Бұл қызметкерлерге де, ауыл тұрғындарына да көптеген қолайсыздықтар әкелді. Тәуелсіздік күні қарсаңында амбулатория жаңа ғимаратқа көшті. Қарабау ауылының тұрғындары үшін керемет сыйлық, - дейді Қызылқоға аудандық ауруханасының директоры Айнұр Тілемісова.
Еске сала кетейік, Атырау облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар мерекелік іс-шаралар жалғасуда.