Балалардың жүйкесіне жүк салып жүрген жоқпыз ба?

Қазіргі уақытта жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, көп тілді меңгерту заман талабы. Десек те, Ахмет Байтұрсыновтың айтқан мына бір ойлары бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.

 Әңгіме «үш тұғырлы тіл» жайында. Көпшіліктің талқысына түсіп, мазалайтын бұл мәселе мені де толғандырады. Себебі үйдегі кішкентай бауырларымның сабағын қадағалап, берілген тапсырмасын орындауға көмектесер кезде жиі кездесетін қиындық. Балаға бірден үш тілді меңгертем деу ауыр жүк. Дұрысы  бірінші сыныпта өз ана тілімен, яғни мемлекеттік тілмен толық танысып, жазып, оқып үйренуіне мүмкіндік беру. Әліппені қолына енді алып жатырған  бүлдіршін, ә дегеннен бірнеше тіл әліпбиін  игеріп кете алмайды. Ал сынып жоғарылаған сайын оқу бағдарламасы қиындап, күрделене береді.  Орыс, ағылшын әріпін танып, айтылуы мен жазылуын білмеген бала ол сабақтың тапсырмасын қалай орындамақ. Өзге тілдің  дыбысталуы мен оқылуын меңгермеген оқушы үй тапсырмасын орындап, оқымақ түгілі бетін ашпайды.

Кез келген ата-ана, әсіресе ауылдық жерде тұратындар орысша, ағылшынша сайрап тұрған жоқ. Білсе де балаға тіл үйрету оңай емес, өзіндік әдіс-тәсілі бар. Ол кез келген адамнан табыла бермейді. Мектептегі мұғалімнің тіл үйретудегі  педагогикалық тәжірибесінің жөні бір бөлек. Қосымша ақылы маманға жүгінуге бәрінің бірдей тұрмыстық жағдайы келе бермейді. Оқушы санасына салмақ салу жақсы нәтиже бермейді. Білім алуға деген ынтасын жоймау басты орында тұруға тиіс. Сондықтан басқа тілді біртіндеп игерту керек.
Барлығы бірдей білім ордасынан үш тілде еркін сөйлеп шығады деу ақылға сыймайды. Мүмкін емес нәрсе. Базалық негіз қалыптастыру үшін тым ерте үйрету қажет емес деп ойлаймын. Оқу жүйесіне орыс тілін оқытуды екінші сыныпта, ағылшын тілін оқытуды үшінші сыныпта енгізсе де кештігі жоқ. Алдымен ана тілінде ойлау қабілеті, сөйлеу тілі, оқу-жазу жүйесі қалыптасқаннан кейін барып шет тілін үйрену қай жағынан да пайдалы болмақ.

                                                 

                                                  Гүлдана ХАЙРУШЕВА,

студент