Атырауда жас ғалымдар кеңесі жұмыс жасайды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жас ғалымдарға жақсы жағдай жасалған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Ғылым мен білімнің дамуы - экономиканың негізгі қозғаушы күші, - дейді Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Гүлдана Бекова. – Жаңа Қазақстанды құруға жас ғалымдарды тарту - қазіргі заманның объективті қажеттілігі.  Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларынан да байқауға болады. Сондықтан біздің университетте жас ғалымдарының кәсіби салалардағы қызығушылықтарын және әлеуметтік мәселелерін қолдау, университеттің Ғылыми әлеуетті көтеру, жастарды ғалымдарды тарту мақсатында 2020 жылдан бастап Жас ғалымдар Кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына 40 жасқа дейінгі университет оқытушылары мүше бола алады және қазіргі уақытта – 13 мүше (оның ішінде PhD – 7; магистрлер саны – 6). Ал университетте 40 жасқа дейінгі жас кадрлардың саны 109 оқытушы құрайды, оның ішінде 16,5%-ының (PhD – 18) ғылыми дәрежесі бар .

Жас ғалымдар Кеңесі келесі бағыттар бойынша жұмыс жасайды: ғылыми әлеуетті көтеру; гранттық қаржыландырулар конкурстарына қатысу; халықаралық ынтымақтастықты нығайту;  жарияланым белсенділігін арттыру; студенттер мен магистранттарды ғылымға тарту; аймақтық, университетішілік ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру.

Әр жылдың басында Жас ғалымдар Кеңесі өзінің жылдық жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс жасайды. Қазір ең күрделі мәселе деуге болады, ол - ғылыми әлеуетті көтеру, яғни жастарды ғылымға тарту. Биылғы есеп бойынша  университетте барлығы  PhD – 29, оның ішінде 40 жасқа дейін – PhD 18,  бұл көрсеткіш докторантураны аяқтаған әріптестеріміздің қорғау есебінен биылғы жылы тағы өседі деп күтілуде.

Университетте ғылыми дәрежесі бар профессорлық-оқытушылық құрамның үлесін арттыру мақсатында мақсатты докторанттарды дайындау, сондай-ақ мақсатты гранттар бойынша оқуын аяқтаған қызметкерлерге жағдай жасау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оқуды аяқтаған барлық докторанттар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессорлық-оқытушылық құрамына қабылданып келеді және олардың кейбіреулері 2022-2023 оқу жылының соңына дейін қорғауды жоспарлап отыр.

Университеттің жастарының ғылыми ортаға тарту, гранттық қаржыландырулар конкурстарына қатысуы үшін Жас ғалымдар кеңесі ғылым департаментімен бірлесіп, «Science Cafе» жобасы аясында семинарлар ұйымдастырады.

Жалпы гранттық қаржыландырулар конкурстарын айта кететін болсам, 2022 жылы ҒжЖБМ 8 конкурс жариялаған болатын: 2022-2024 жылдарға арналған 5 конкурс (ГФ, жас ғалымдарды ГФ және 3 рет «Жас ғалым» жобасы; 2023-2025 жылдарға арналған 3 конкурс (ГФ, жас ғалымдарға ГФ және «Жас ғалым» жобасы). Осы конкурсқа жас ғалымдар атынан 27 өтінім берілген болатын, өткінішке орай конкурстан тек 6 жоба ғана өткен болатын. Атап айтсақ, қазіргі уақытта 2022-20244 жж. аралығында жас ғалымдардың жобасын гранттық қаржыландыру бойынша- 2 және «Жас ғалым» постдокторантура бойынша – 4 жоба жүзеге асуда, қаржыландыру көлемі 2022-2024 жж. шамамен 219 млн. теңгені құрайды.

2023-2025 жж. аралығында гранттық қаржыландыру бойынша: «Жас ғалым» постдокторантура бойынша ұсынылған 8 өтінімнің 3-уі, жас ғалымдардың жобасын гранттық қаржыландыру бойынша – 2 өтінім де Ұлттық сараптамадан жеткілікті 25 балдан жоғары балл жинақтап, Ұлттық ғылыми Кеңеске ұсынылды. Осы конкурстардың нәтижесі енді сәуір айының аяғына дейін белгілі болатын шығар.

Қазіргі таңда ғалымдарды бағалайтын халықаралық 3 критерий (cілтеме индексі,   Хирш индексi, жоғары импакт-факторлы шетел журналдарындағы мақалалар саны)  бойынша біздің университеттің жас ғалымдары да өз үлестерін қосып отыр.  Университеттің жас ғалымдары импакт факторы жоғары шетелдік журналдарда мақала жариялаумен қатар, халықаралық, республикалық, жергілікті конференцияларға да қатысып, монографиялар, оқу құралдарының  баспадан шығарып жүр.

Сонымен қатар, университет жас ғалымдары Science Café шеңберінде ғылыми шаралар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстел ұйымдастырып жүрміз. Яғни, біздер университетіміздің ғылымын артыруға өз үлесімізді барынша қосып жатырмыз деп есептеймін.

Фото: иллюстратив