Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының басшысы Данагүл Баймашова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы мен Педагогикалық шеберлік орталығының бірлескен «Мектеп командасы: жоба, нәтиже, болашақ» тақырыбындағы облыстық фестивалі мектеп командасы жұмысының тиімді ұйымдастырылуын талдау, бағалау және қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Мектеп командаларының жобалық жұмыстары екі бағытта қорғалды. Әр қала, ауданнан іріктелген 16 команда жобаларын қорғаса, қалған командалар постер-сессияда таныстырылым жасады.
2021 жылы Атырау облысының әкімдігі өңірдегі орта білім беру мәселелерін кешенді шешу үшін «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» жобасын бастаған болатын. Аталған жол картасы аясында «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім беру сапасы» курсы оқытылып, оған 66 білім беру ұйымының әрқайсысынан үш педагог, яғни мектеп басшысы, мектеп директорының орынбасары, көшбасшы педагог топтастырылып, жалпы саны 198 тыңдаушы қатысқан еді. Курста білім берудегі қазіргі заманғы трендтер зерделеніп, мектепті білім алушы ұйымға айналдыру жолдары және сол мектепті тиімді басқару, командалар арқылы жүргізу сияқты маңызды мәселелер қамтылды. Осы орайда курстан кейін де білім ошақтарында мектеп командаларының жұмысы жалғасын табуда. Соның айғағындай бүгінгі облыстағы 66 мектеп командасының мүшелері қатысқан фестивальде «Мектептің табысты командасы қандай болуы керек?» деген сауалдың жауабы табылып, оны шешу жолы айқындалып отыр,- деді Д.Баймашова.
Айта кетейік, фестиваль соңында педагогтер арнайы дипломдармен марапатталды.