Атырау қаласында 160 орындық жаңа балабақша ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жаңа нысан құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Балабақшаның ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов және «Теңізшевройл» ЖШС стратегиялық жоспарлау жөніндегі бас менеджері Қалибек Мұханов қатысты.
«Көктем» ықшам ауданындағы жаңа балабақша құрылысы 2021 жылы желтоқсан айында басталып, 2022 жылдың қараша айында аяқталды. Ауданы 1749,62 шаршы метр болатын ғимарат бөлмелері балалардың қолайлы дамуы үшін жас ерекшелігіне қарай жабдықталған. Яғни асхана, ойын, жатын бөлмелері, оқу кабинеті, дене шынықтыру залы, саз бөлмесі, медициналық емдеу кабинеті және тағы басқа қажеттің барлығы бар.
Айта кетейік, бүгінгі күні қала бойынша 109 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 46 мемлекеттік балабақшада 12 148 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, қаладағы 63 жеке меншік балабақшада 5933 бала тәрбиеленіп отыр.