Білім гранттары бойынша көрме өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Атырау және Маңғыстау облыстарына бөлінген нысаналы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жоғары білім көрмесі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Білім жәрмеңкесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Атырау облысының әкім орынбасары Жасұлан Бисембиев, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев, университет ректорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өңіріміздегі іргелі оқу орнында өткізіліп жатқан аса ауқымды шараға еліміздің қырыққа тарта жоғары оқу орындары қатысуда. Олар қаламыздағы колледж және мектеп түлектеріне өз университеттерінің білім бағдарламасы мен ерекшелігін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев «Атырау-Маңғыстау» мақсатты гранты бойынша университет ректорларымен кездесті.

Кездесу барысында аталған министрлік пен Атырау облыстық әкімдігі арасында еліміздің батыс өңіріне бөлінген мақсатты гранттарды игеру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және аймақ үшін өзекті тұрған педагогикалық мамандарды даярлау бойынша Меморандумға қол қойылды. Жоғары оқу орындары, орта білім беру ұйымдары, басқа да білім саласындағы ұйымдар бас қосқан шарада жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері, ҰБТ тапсыру, басқа да жайлар бойынша талқылаулар өтіп, озық тәжірибелер ортаға салынды.

Көрме аясында Атырау облысының мектеп түлектеріне арналған шеберлік сағаттары, семинарлар, тренингтер өтеді.